Бір сәбиге зар қыла көрме?
Бір сәбиге зар қыла көрме?

       Адам дүниеде өзіне берілген әрбір нәрсемен сыналады. Мысалы жанұясы, өсіріп отырған ұл-қызы, қолдағы мүмкіншіліктерінің барлығы адам баласы үшін жеке-жеке бір сынақ.

        Құран Кәрімге қарасақ Хазрет Ибраһим (ә.с) мен Хазрет Зәкәрияның (а.с) перзент сүюге деген құштарлықтарын көруге болады. Мысалы: Ибраһим мен оның жұбайы «перзент бер» деп, тілге тиек етпесе де[1] ынтызарлана күткенін оларға кеп періште сүйіншілегенде екеуінің қуанғанан көрсек болады[2]. Ал, Хазрет Зәкәрия (а.с) болса, бұл қалауын Алладан ашықтан ашық сұраған[3].

       Нәтижеде Хазрет Ибраһим де, Хазрет Зәкәрия да балаларымен сыналды. Адамды ойландыратын жері сол – жоғарыда айтқанымыздай Хазрет Ибраһим сәби сүюді қаласа да, қалауын ішінде жасырған болатын. Сол үшін сүйікті ұлы Исмаилды құрбан етумен сыналса да әке мен бала белді бекем буып, Алла әмірін орындауға нартәуекелге барғанда Алла Тағала сынақты тоқтатып, көктен көк қошқар  түсіріп, бала орнына құрбандыққа сол қошқарды союды әмір етті. Ал, Хазрет Зәкәрия сәбиді қалап қана қоймай, қалауын тілге келтіріп еді, ол да, сұрап алған ұлы да яһудилер тарапынан арамен өлтірілді.

               Қорытынды: «Аталатсаң да, боталатпа» деген шыбын жан үшін баланың сынағы қабырғаны қайыстыратыны түсінікті. «Ұл бермеді немесе мүлде сәби бермеді» деп, «бер де берге» салып, Аллаға налып, шариғат тысына шығып кететін бауырларымызды қоғамда көріп жатамыз. Тілеп алған Тілепбергеніміз сау басымызға сақина болып жүрмесін.

               Ескерте кететін жайт: «мысалда келтірген пайғамбарлар бала сұраумен күнә жасады» деуден аулақпыз. Айтқымыз келген нәрсе – әрбір берілген нығметтің сынағы қоса келетіндігі.

             Ауыз берген Алла, ауызға салар асты да берер. Бірақ біреуге қатты біреуге жұмсақ. Біреуге ерте біреуге кеш. Әркімнің алар сынағы Алла алдындағы дәрежесіне сай болады[4]. Муқаррабиндердің (Аллаға өте жақын құлдардың) сынағы да басқалардікінен ауыр болары сөзсіз. Сол үшін мойнымыз көтере алатын нәрсені ғана сұрағанымыз жөн. Кешігіп жатқан нәрсе Алланың қалауымен кешігіп жатқанын білсек екен.



[1] Саффат сүресі 100

[2] Һуд сүресі 72-73, Зәрият сүресі 29

[3] Әли Имран сүресі 38

[4] Мағынасы Бухари, Муслим, Ахмад хадистер жинағындағы Пайғамбарымыздың ыстығы көтерілгендегі хадистен алынған.

Еркебұлан СейітжанұлыЕркебұлан Сейітжанұлы
2 года назад 6688
0 комментариев